Артында іздеушісі, сұраушысы бар тұлғаның есімі ешқашанда көмескіленбейді - З. Ахметова
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Артында іздеушісі, сұраушысы бар тұлғаның есімі ешқашанда көмескіленбейді. Бүгін Алматыда Б. Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернатында Кеңес Одағының Батыры, қаhарман қолбасшы Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш-мүсіннің ашылу салтанатында Баукенің келіні, жазушы Зейнеп Ахметова осылай деді.
«Қандай ұлы адам болмасын, артында іздеушісі, сұраушысы болмаса, уақыт өте келе атының көмескіленетіні белгілі. Бұл - табиғат заңы. Бірақ, Аллаға шүкір, атаның есімі өзі өмірден озса да ешқандай көмескіленген жоқ, Қайта жаңғырып, жаңарып келеді. Ата жайында кітаптар жазылып, көшелерге есімі беріліп, ескерткіштер қойылып жатыр. Бұл, халқының намысын ту етіп ұстаған, алты алаштың ардақтысы атанған батырдың рухына жасалып жатқан құрмет. Қара шаңырақтың атынан бүгін мына ескерткіштің жасалып, орнатылуына жан-жақтан атсалысқан азаматтарға алғысымызды білдіреміз» - деді З. Ахметова.
Сонымен қатар, Зейнеп апа «ҚазАқпарат» тілшісіне Баукенің ескерткіші өзіне қатты ұнағанын жеткізді.
«Ескерткіш жасалып жатқан кезде, оның алғашқы нобайлары, кескіндері бізге көрсетілді. Біз суреттерді көрсетіп, ақыл-кеңесімізді беріп отырдық. Сондықтан бұл ескерткіш-мүсін маған өте ұнайды. Атаның ескерткіштері осы кезге дейін басындағы папахасымен бірге жасалып келді. Ал бүгін тұңғыш рет, мына мүсінде атамыз жалаңбас күйінде бейнеленген. Маған ұнады», - деді З. Ахметова.
Айта кетелік, ескерткіш-мүсінді мүсінші Бекежан Албосынов жасаған.