«Ару» қыздар қан тапсырды
АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін елордада «Астана» медициналық университетінде «Ару» қыздар лигасының» ұйымдастыруымен қайырымдылық акциясы өтті.
Бұл жоба студент жастарды Қазақстандағы қан донорлығы мәселесіне көңіл аударту үшін жасалуда. Аталмыш шара барысында барлығы 55 литр қан жинау жоспарлануда. 25 сәуірде басталған акцияға 100-ден астам студент қан тапсырып үлгерген. Тағы 60-70 адам кезекте тұр.
«Жастар топ-топпен келіп, бұл шараға белсенді түрде араласуда. Қайырымдылық акциясында жиналған донорлық қан №2 балалар ауруханасына, ауыр дертке шалдыққан балаларға арналады. Біз - болашақ дәрігерлер бұл мәселеге бірінші болып көңіл аударғымыз келді», - дейді ұйым мүшелері.
«Ару» қыздар лигасы «Астана» медициналық университетінің студент қыздары бастаған ұйым. Оған 140 ару мүшелікке енген.