«Арулар - асыл жандар, шуақ боп шашылғандар!» - БАҚ-қа шолу

***
«Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай қазақстандық әйелдер қауымының бір топ танымал өкілдерімен кездесті. Дәстүрге айналған бұл кездесу «Көктем шуағы» деп аталады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жарық көрген «Арулар - асыл жандар, шуақ боп шашылғандар!» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Президент кейбір діни секталардың әйелдердің құқын шектеп, оқуына, көлікпен жүруіне, қызмет етуіне, т.б. рұқсат бермейтінін сынап өткен. «Біздің мақсатымыз басқа. Ұлы дала ұрпақтары әр уақытта анасын ардақтаған, әйелдерін әлпештеген, қыздарын қадірлеген. Біз сол дәстүрді лайықты жалғастырып, анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті әрқашан естен шығармаймыз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қазақтың саны 4 млн. адамға көбейді. Жалпы саны 6 млн. адам өмірге келді. Мұндай өсім осындай аз уақытта ешқашан болған жоқ. Бұл - қазақстандық аналардың үлкен жеңісі», - деді Елбасы.
Осы басылымның жазуынша, 2010 жылғы Кенді Алтайдағы су тасқыны 17 наурызда орын алған. Ал биыл наурыз туысымен-ақ күннің көзі елжіреп, қыс бойы тынбай жауған қалың қардың көбесі сөгіліп, қала мен далада су ағыл-тегіл ақты. Соған қарағанда, биыл көктемгі су тасқыны ерте келетін түрі бар. Осыдан екі-үш күн бұрын Өскеменнің Черняховский көшесіндегі екі-үш үйдің ауласына су кіріп, тұрғындарды әбігерге салды. Тасқын қатері облыс орталығында ғана емес, басқа өңірлерде де барынша күшейе түсуде. Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентіндегі 4-ші шағынауданның жеке меншік секторындағы бірнеше үйді су басу қаупі орын алды. Осындағы 34-ші өрт сөндіру бөлімінің 12 адамы мен бірнеше техникасы судың арнасын басқа жаққа бұрып үлгерді. Суыт хабарлар басқа өңірлерден де келіп түсуде. Мақала «Алтайдағы ахуал алаңдарлық» деген тақырыппен берілген.
***
Көктемнің алғашқы айы келісімен ару біткен құлпыра бастайды. Шындығында әйел әлемі сұлулыққа толы ғой. Сонымен қатар құпиясы да тереңде. Бірақ әйел жаны нені қалайды? Дәл осы сауалға «Айқын» газеті жауап беруге тырысқан. Басылымның жазуынша, «Ромир» әлеуметтік зерттеу холдингі 485 еркек пен 515 әйелдің көзқарасын білген көрінеді. Сонымен, сұрау салудың нәтижесінде мынандай жайттар анықталған. Әйелдердің 43 пайыздан астамы өздеріне гүл сыйлағанды тәуір көреді екен. Сонымен қатар арулардың 36 пайызы 8 наурыз мейрамы қарсаңында сыйлыққа әшекей заттар алғанды ұнататындығын айтқан. Олардың 21 пайызы мұны «өте жақсы сый» деп бағалайтын көрінеді. Ал сұралғандардың 27 пайызы косметиканы қаласа, 22 пайызы сыйлықты ақшалай алғанды тәуір көреді екен. Алайда өз жанынан гөрі үйге зат алғанды дұрыс санайтын әйелдердің де саны өскен. Атап айтар болсақ, арулардың 18 пайызы тұрмыстық және электрондық тауарлардың үйге келгенін қалайды, ұялы телефон алғысы келетіндер де бар. Тіпті конфет пен шоколад (12% пайыз), ас үй жабдықтарын (9 пайыз) қалайтындар да табылады.
«Айқын» газетінің бүгінгі санында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазымен арадағы сұхбат «Қазақы отбасы - ұлт берекесі» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген халық қалаулысы: «Кеңестік партия кезінде де көбіне басшылық қызметтерде ер-азаматтар болатын. Менің есімде, 1985 жылы Орталық комитеттің пленумы өтіп, онда 30 пайыз әйелдер басшылық қызметтерге тартылсын деген шешім қабылданып, соның арқасында басшылыққа келген едік. Ол кезде Шымкент облысында 22 аудан болды, оның екі-үшеуінде ғана үшінші хатшылықта ер-азаматтар қалды да, қалғанының барлығына әйелдерді қойған. Әкім орынбасарлары болып әйелдер қызметке келді. Бірақ әкімдер ауысқанда, кейбір жаңадан келген азаматтар «мен өз командама әйелдерді алмаймын» деген соң, әкімдікте қыз-келіншектердің саны сиреп кетті» , - дейді.
***
«Қазақ спортының тарихында Олимпиада чемпионы, тіпті жүлдегері болған қазақ қызы жоқ. Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, дербес мемлекет ретінде бес рет қысқы Олимпиада ойындарына, бес мәрте жазғы Олимпиада ойындарында қатыстық. Өкінішке қарай, әлі бірде-бір қазақ қызы Олимпиада жүлдесіне қол жеткізген жоқ», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Қазақ қыздарынан Олимпиада шыңын қашан бағындырады?» деген тақырыптағы мақалада. Басылымның атап өтуінше, 2010 жылы тұңғыш рет Сингапурда өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында ауыр атлет аруымыз Жазира Жаппарқұл саф алтынды өңірінде жарқыратып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген. Яғни, Олимпиада чемпионы атанған. Бірақ бұл - жас жеткіншектер арасындағы Олимпиада.