Аружан Сағындықова Мысырдағы жарыстың ширек финалына жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 765-ракеткасы, 21 жастағы Аружан Сағындықова Шарм-эш-Шейх (Мысыр) ITF W35 турнирінде екі жеңіске қол жеткізді.

Аружан Сағындықова Тунистегі турнирдің екінші айналымына өтті
Фото: sports.kz

Қазақстандық теннисші алдымен рейтингіде 1 425-орындағы ресейлік Аглая Федорованы 6:0, 0:6, 6:4 есебімен жолдан тайдырды.

Аружанның екінші айналымдағы қарсыласы әлдеқайда азулы болды. Бұл жолы ол әлемнің 386-ыншы, осы жарыстың 4-ракеткасы, үндістандық Сахая Ямалапаллиге тап келді.

Екі сағат 8 минутқа созылған тартысты бәсекеде А.Сағындықова 6:4, 7:6 (7:4) есебімен басымдылық танытты.

Аружан Сағындықова жартылай финалға шығу үшін әлемнің 405-ракеткасы, мысырлық Абдель Азиз Ламис Альхуссейнмен таласады.

Қазақстандық теннисші жұптық сында ресейлік Мария Головинамен бірге алғашқы айналымда италиялықтар Федерика Сакко – Камилла Занолиниге жол берді – 6:3, 3:6, 7:10.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Шымкент турнирінің финалына шығу үшін таласатынын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Денис Евсеев жұптық сында Шымкент турнирінің жартылай финалына шықты.