Аружан Саин қосымша үйірмелер ашуға қатысты ұсыныс айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мектептерде үйірмелер ашу мәселесіне ерекше мән беру керек. Бұл туралы еліміздегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Балалар мәселесіне қатысты ведомстволар арасындағы өзара іс-қимыл тиісті деңгейде атқарылмай отыр. Бұл тұрғыда әр ведомство өз бағытындағы жоспарын іске асырып жатыр және бірлесіп шешетін мәселелерге мән бермейді. Соның салдарынан мемлекет үшін, сондай-ақ балалар және отбасыларға қатысты тиісті нәтиже болмай жатыр. Секциялар мен үйірмелер құру бөлігінде мектептердің әлеуетін пайдалану мәселесіне тоқталсақ, жауапты министрлікпен бірге бірнеше жиын өткізген едік. Осы орайда жан басына қарай қаржыландыру аясында мектептерде қалайша үйірмелер ашуға болатыны жайында таныстырылымдар жасадық. Дегенмен, мектептер жұмыс істегісі келетін секциялармен және үйірмелермен тиісті шартты бекіткісі келмей отыр», - деді А. Саин еліміздегі жасөспірімдер мәселесі бойынша онлайн режимде өткен жиында.

Оның айтуынша, балалардың уақытын босқа өткізуге болмайды. Үнемі көшеде жүретін немесе интернетте отыратын балалалар арасында қылмыс көбейеді.

«Әрине, үш ауысымдағы мектептердің спорт залдары бос болмайды. Сондықтан шығармашылық бағыттағы үйірмелерге мектеп ғимаратының бір бөлігін жалға беруін қарастыруға болады. Жазғы демалыс кезінде де балалар уақытын бос өткізіп жатады, мектептер жабық тұрады. Атап айтқанда, осы мәселеге қатысты ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды ретке келтіру керек. Ал өңірлерде жергілікті атқарушы органдар деңгейінде әрекетсіздік болса, онда тиісті жауапкершілікті қарастырған жөн. Себебі осы кемшіліктер салдарынан біздің балалар зардап шегіп отыр», - Аружан Саин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, еліміздегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Artsport бағдарламасы іске қосылған кезден бастап жасөспірімдер мен балалар қылмысы төмендей бастағанын айтты.


Соңғы жаңалықтар