Арық желілерін тазарту: Алматы көшелерінен 4,5 тонна қоқыс шығарылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда су басудың алдын алу және жою үшін арық желілері мен арық өткелдерін тазарту жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы әкімдігінен хабарлағандай, жұмысқа 650 жол жұмысшысы, 266 бірлік арнайы техника және 24 мотопомпа жұмылдырылды, құм салынған 2000 қап дайындалды.

Жұмыс нәтижесі бойынша 4,5 тонна қоқыс пен тұнба қала сыртына шығарылды.

Наурыз айында басталған жаңбыр кезінде арықтарға тұрмыстық қоқыстың жиналуы, өткізу қабілетінің төмендігі, диаметрлерінің аздығы, жерасты арық өткелдерінің ақаулары, жол төсемінің опырылуы салдарынан арықтардан нөсер суының тасу жағдайлары тіркелді.

Ал қалалық ТЖД мәліметінше, 18 наурызда, сағат 18:00-дегі жағдай бойынша 23 су тасқыны жағдайы тіркелді: олардың 8-і расталмады, 7-уі жойылды, қалған 8 учаске бойынша жұмыстар жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар