Арыс ауданында инкассаторларды өлтіру оқиғасына қатысты тағы бір күдікті ұсталды
АРЫС. ҚазАқпарат - Түркістан облысы, Арыс ауданында инкассаторларды өлтіру қылмысы бойынша тағы бір күдікті ұсталды. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсталған күдікті инкассаторларды өлтірген тұрғынның танысы болған. Өз әріптестерін өлтірген «Қазпошта» қызметкері қылмысын жасаған соң, осы танысының қорасына аңшы қаруы мен ақшаларды әкеліп тыққан. Ал, қамауға алынған күдікті танысының адамдарды өлтіргенін және айғақты заттарын қорасына тыққанын полицияға айтпай, жасыруға тырысқан. Осы үшін ол енді қамауға алынды.
«Сезіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 434 бабы «Қылмыс туралы хабарламау» және 287 бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылатын құрылғыларды заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» делінген хабарламада.
Сондай-ақ, полицияның хабарлауынша бұған дейін инкассаторларды өлтірген деп күдіктелген «Қазпошта» қызметкеріне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Ол бұған дейін Қылмыстық кодекстің екі бабымен, «Адам өлтiру» және «Қарақшылық» бойынша тергеуге алынса, енді оған қатысты 287 баб «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша іс қозғалған.
Еске салайық, 7 маусым күні Арыс қаласы маңында белгісіз біреулер инкассаторларды өлтіріп, қызметтік көліктерінен 7,5 млн теңгесін тонап кеткен болатын. Кейіннен бұл қылмысты еңбек демалысында жүрген «Қазпошта» қызметкері жасағаны анықталды. Ол өзімен бірге жұмыс істейтін инкассатор әріптестерінің сеніміне кіріп, шалғай ауылға жеткізіп салуларын сұранған. Сөйтіп қызметтік көлікке мініп, әріптестерін өлтірген. Қазіргі таңда ол қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.