Арыс: Қарағандылықтарға жүктелген секторда құрылыс қарқынды жүруде
АРЫС. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жұмыс сапарымен Арыс қаласына келді. Облысқа жүктелген сектордағы құрылыс барысымен танысуға арнайы келген ол, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жалпы Қарағанды облысына №5 сектордағы 11 көпқабатты үй (519 пәтер) мен 72 жеке үйдің жөндеу жұмыстары тапсырылған. Дәлірек айтсақ, шатырлар мен терезелер ауыстырылып, өзге де жұмыстар атқарылуы қажет.

Қарағандылық кәсіпкер әрі меценат Александр Бойко жергілікті тұрғындарға сыйлық ретінде спорт алаңшасын сыйға тартады.
«Көпқабатты үйлердің тұрғындары құрылысты жедел жүргізіп жатқан қарағандылық ағайынға ризашылықтарын білдірді. Бұл сектордағы ең көп зардап шеккен нысанның бірі - С.Қожанов атындағы 1200 орындық мектеп. Бұл білім ұясында жұмыстар талапқа сай атқарылып жатыр. Мектепке барып, ұстаздар қауымымен кездескен Ерлан Қошанов жұмысты уақытылы аяқтайтынын айтты. Мектеп ұжымына спорттық құрылғыларды сыйға тартты», - деді Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен.
