Арыс станциясындағы бас жолдарда қозғалыс қалпына келтірілді

АРЫС. ҚазАқпарат - Кеше, 26 маусымда теміржолдар оқ-дәріден тазартылып, жөнделіп, байланыс желісіне кернеу берілген соң басты жолдарда қозғалыс қалпына келтірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан темір жолының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Арыс станциясындағы бас жолдарда қозғалыс қалпына келтірілді

Атап айтқанда, мына учаскелерде: Арыс-Талдықұдық - жұп жол бойынша, Шағыр-Талдықұдық - тақ жол бойынша, Қалаш-Арыс-2 - жұп және тақ жол бойынша, Ақдала-Арыс-2 - жұп жол бойынша қозғалыс ашылды.

Алғашқы №369 «Новосибирск-Ташкент» жолаушылар пойызы 26 маусымда Шымкент станциясынан 22 сағат 30 минутта жөнелтілді.

Арыс станциясы тек басты жолдармен жүру үшін ашық. Сұрыптау және қабылдап-жөнелту жолдары қозғалыс үшін әлі жабық.

26 маусымнан 27 маусымға қараған түні Арыс станциясы бойынша 23 пойыз өткізілді, оның ішінде 7 жолаушы, 8 контейнерлік, 8 жүк пойызы.

Қазіргі уақытта кестеге пойыздарды енгізу бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда.