Арыста құтқарушылар күніне орай сала мамандарына құрмет көрсетілді

Бұл мейрам Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 19-қазандағы Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетін құру туралы № 2541 Жарлығына сәйкес, Төтенше жағдайлар қызметінің құрылған күні болып есептеледі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары құрылымының қуатты күші, күнделікті, минут сайынғы апатты жоюға дайындық ғана емес, оның алдын-алу, табиғи және техногендік апаттарды болдырмау болып табылады.
Құтқарушылардың жұмысы өз өміріне қауіпті болып келеді. Дегенмен, олардың алға қойған басты міндеті- халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу болып табылады.
Осы мақсатта бүгін қала әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Құтқарушылар күні салтанатты түрде аталып өтті.
Әнұранымыз асқақтаған тұста қолдарын жүректеріне қойып, тебіреніп тұрған бұл қызметкерлердің еңбегі ерен. Өйткені, олар адам өмірі қыл үстінде тұрған сын сағатта қол ұшын созып, әр түрлі жағдайларға душар болғандарды құтқарып, ажал аузынан арашалайды. Адам құтқаруды ерлік емес, азаматтық парызым деп білетін оларға бүгін барынша сый құрмет көрсетілді.
Еңбегімен ерекше көзге түскен, қызметтік міндеттерін адал атқарған, қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген үздік қызметкерлер қала әкімінің, қалалық мәслихат хатшысының, Арыс ауданының төтенше жағдайлар бөлімі бастығының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жиын соңы мәдениет үйі қызметкерлері ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.