Арыста мал өлекселерін іздеу жұмыстары жалғасуда
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Арыс қаласында мал өлекселерін іздеуге 60 ветеринар мен 6 техника жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарылыс кезінде жұртта қалған 187 бас мал бүгінде иелеріне қайтарылған.
«Менің білуімше, қорадағы15 бас ірі мал мен 172 ұсақ малдың иелері табылған. Ал өлген малдың саны әлі анықталып жатыр», - дейді ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер.
Комитеттің ресми ақпаратына қарағанда, апат кезінде қырылған малды іздеу Арыс қаласының ветеринария қызметіне жүктелген.
«Мал өлекселерін анықтап, көзін жоюға 60 адам мен 6 техника жұмылдырылды. Бүгінге дейін 203 мал мен 502 құстың өлексесі жойылды», - делінген ресми ақпаратта.
Еске салсақ, орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Төтенше жағдай комитетінің төрағасы Владимир Беккер Арыста әлі де 1300-ге жуық сапер жұмыс істеп жатқанын айтқан болатын. Оный айтуынша, Арыстағы апаттың шығын көлемі - шамамен 20 млрд теңге.
Сондай-ақ, шаһар тұрғындарынан мүлкінің ұрланғаны туралы 85 арыз түскен.