Арыста шегірткеге қарсы дәрілеу шаралары жүргізіліп жатыр
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Арыс қаласында шегірткеге қарсы дәрілеу шаралары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысындағы Арыс қаласында 6 сәуірден бастап қала аумағындағы жайылымдық жерлердегі шегіртке зиянкестерінің таралуының алдын алу мақсатында химиялық күрес шаралары жүргізіліп жатыр.
Залалсыздандыру жұмыстарына 12 техника мен «Өсімдік қорғау» ЖШС-ның мамандары жұмылдырылған. Өткен аптада залалсыздандыру алқаптарындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұ.Тәжібаев, Түркістан облысы ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Т.Оспанов пен қала әкімі М.Қадырбек залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатқан Қожатоғай ауылдық округінің егістік алқаптарына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.
Ең басты мақсат - шегертке ошақтарын тез арада залалсыздандырып, зиякестердің кең етек алып кетуіне тосқауыл қою. Қала аумағына қарасты жайылымдық және егістік жерлерді шегерткеден аман алып қалу. Осы тұрғыда облыс әкімінің орынбасары сала басшыларына нақты жоспармен жұмыс істеуді тапсырып, жұмысына сәттілік тіледі.