Арыстанбек Мұхамедиұлы Қанат Исламға шапан жапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Астанада Қанат Исламмен кездесіп, Алматыда өткізген бокс кешіне алғыс ретінде иығына шапан жапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Патрик Аллотея сынды тәжірибелі боксшыны жеңу бәрімізге қуаныш сыйлады. Мен Қанат Ислам бауырымызға алғыс айтамын. Жекпе-жекті 10-нан астам халықаралық телевизиялық компания трансляциялады. Бұл - Қазақстанның халықаралық спорт державасы атанғандығының бір дәлелі», - деді министр.
Өз кезегінде Қанат Ислам алдағы жарыстарда да қазақтың абыройын асқақтата беруге уәде етті.
«Мен үшін бұл үлкен абырой. Қазақстандықтарға осындай бір жақсы кеш сыйлай алғаныма, біздің артымыздан өсіп келе жатқан қалың қазақтың жастарына үлгі көрсете алғаныма мың да бір шүкір. Америкада өтіп жатқан керемет кештерден артық болмаса, кем емес. Алда әлі үлкен жарыстар, белдесулер бар. Әлі де Қазақстанның абыройын асқақтатамыз деген ой бар, ол біздің міндетіміз», - деді Қанат Ислам.
Еске сала кетейік, қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам (22-0-0-18) Алматыда өткен бокс кешінде ганалық боксшы Патрик Аллотеяны 12 рандтық жекпе-жекте жеңген болатын. Бұл жеңіспен бірге оған бірінші жартылай салмақтағы WBA Fedelatin және WBO Intercontinental титулдары берілді.