Арыстанбек Мұхамедиұлы мен сыбайластарына қандай айып тағылып отыр

None
Фото: Аделаида Әуесбекова
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оны қасындағы фигуранттарға қандай айып тағылып отырғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Фигуранттар қылмыстық әрекетке барып 2020 жылдың ақпан айынан желтоқсанға дейін қаржы жымқырған. «Даму» аудиторлық компаниясының 2022 жылғы 27 шілдедегі есебіне сәйкес, «Экспонат» ЖШС жұмысты нақты орындап, қызмет көрсету мен тауарларды тиеп-жөнелтудің орнына 221 млн 411 мың 730 теңге сомасында шығын келтірген», - деді сот барысында прокурор Еркеғали Зәкіров.

Оның айтуынша, А.Мұхамедиұлы А. Нұразхан, А. Көшенов және А. Сәдуақасованың көмегімен бюджет қаржысын қолды еткен.

«Осылайша, А. Мұхамедиұлы Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігінің, 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қасақана қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады. Яғни қылмыс ұйымдастырды, бөгденің мүлкін жымқырып, қызметтік жағдайын пайдалана отырып, адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы ірі мөлшерде қаржы жымқырды», - дейді ол.

Сондай-ақ, прокурор А.Мұхамедиұлының сөз байласқан адамдары, атап айтқанда, Алмаз Нұразхан, Азамат Көшенов және Айым Сәдуақасоваға да жоғарыдағыдай айып тағылып отырғанын жеткізді.

«Олар Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі және 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес жымқыру арқылы бөтеннің мүлкін ұрлауға жәрдемдесу, алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адаммен бірге аса ірі мөлшерде қаржы жымқыру бойынша айыпталып отыр», - дейді Еркеғали Зәкіров.

Өз кезегінде айыпталушы Арыстанбек Мұхамедиұлы өз кінәсін мойындамады.

Бұған дейін соттың Ұлттық музейдің бұрынғы басшысын үйқамаққа ауыстырудан бас тартқанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар