Арыстанбек Мұхамедиұлы олимпиадашыны туған күнімен құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақстандық биатлоншылардың көшбасшысы Галина Вишневскаяны туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы министр өзінің жеке Фейсбук парақшасында жазды.
«Бүгін биатлон бойынша Қазақстан құрамасының көшбасшысы Галина Вишневская туған күні! Бар болғаны 24 жасқа толып жатса да, оның бағындырған асуы көп. Атап айтқанда, Алматыдағы Бүкіләлемдік Универсиаданың 2 алтынжәне 2 қола медалін, ал Саппорода Азия ойындарына алғаш түскен кезінде төртдүркін чемпион атанды. Қазіргі уақытта Галина Вишневская ең үздік биатлоншылардыңбірі. Мен Галинаны туған күнімен құттықтай отырып, өмірде де, спортта да жаңа жеңістергежете беруін, зор денсаулық пен бақыт тілеймін», - деп жазды министр.
Министр сонымен қатар, дәл бүгін ПхенчханОлимпиадасындағы 7,5 шақырымдық әйелдер спринтінің хаттамасы жария етілгенін хабардар етті.
«Туған күннің иесі Галина біздің биталоншылардың ішінде бірінші болып жарыс жолына 18-ші нөмірмен шығады. Одан кейін жарыс жолында Ольга Полторанина (43-ші), Алина Райкова (73-ші), Дарья Климина (82-ші) өнер көрсетеді. Біздің спортшылардың бәріне сәттілік пен жеңіс тілеймін. Сіздер 4 жыл бойы дайындалдыңыздар, енді оза шабыңдар», - дейді министр.
Еске сала кетсек, Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласындаХХІІІ қысқы Олимпиада өтіп жатыр. Әлемнің 92 елінен 2500-ден астам спортшы 101медальді сарапқа салуда. Қазақстанның атынан 46 спортшы еліміздің намысынқорғайтын болады.