Арыстанбек Мұхамедиұлы виолончельде ойнады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оркестр құрамында виолончельде ойнады. Бұл туралы министр өзінің facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Достарым, кеше Нұр-Сұлтанда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің мерейтойлық мәжілісінің қадірменді қонақтарына арналған концертіміз табысты өтті. Бұл іс-шара Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция туралы идеясының 25 жылдығына және Еуразия экономикалық кеңесі туралы келісімге қол қойылуының 5 жылдығына арналғаны белгілі»,-деп жазды министр.
Шараға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян, ЕЭК жанындағы бақылаушы мемлекет басшысы ретінде Молдова Президенті Игорь Додон, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және ТМД Атқарушы комитеті төрағасы Сергей Лебедев қатысты.
«Мұндай құрметті қонақтардың алдында өнер көрсету - өте жауапты іс, достарым!»,-деді министр.
Сондай-ақ ол: «Сүйікті аспабым - виолончельді қолыма алып, РФ Халық әртісі Сергей Ролдугин басқарған виолончельшілер ансамблімен өнер көрсетіп, француз композиторы Шарль-Камиль Сен-Санстың атақты «Аққу» хореографиялық миниатюрасын орындадық. Бізді екі арфашы қыз сүйемелдеп, Аққу рөлін «Астана Опера» МОБТ жетекші солисі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева орындады. Жұрт алдында ойнамағалы біраз болып еді, мені билеген қуаныш сезімін сөзбен жеткізу қиын»,-деді.
Құрметті қонақтар алдында КСРО Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Дінішев, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртістері Мейір Байнеш, Медет Шотабаев, «Пласидо Доминго Опералиясы» халықаралық әншілер конкурсының лауреаты, «Астана Опера» МОБТ солисі Мария Мудряк, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев (Қазақстан Республикасы), «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі және домбырашылар ансамблі, халықаралық конкурстар лауреаты Тайыр Тәжіғұлов, халықаралық конкурстар лауреаты Альфия Абдулманова ж.б. өнер көрсетті.
«Керемет өнері үшін барлық әртістерге шын жүректен алғыс айтамын! Қадірменді қонақтарымыз осы концерттен ерекше әсер алып, естерінде қалады деген сенімдемін!»-дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.