Арысты қалпына келтіруге Үкімет резервінен қаржы бөлінеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Премьер-Министрдің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов Арыстағы тұрғын үйлерді, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін ҚР Үкіметі резервінен қаржы қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арыстағы оқиға еліміз үлкен қайғылы жағдай. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы жарылыс болған күні жұмыс тобымен Арыс қаласында болды. Адамдарды жедел көшіру, орналастыру және тамақтандыру шаралары ұйымдастырылды», - деп тоқталды Ә. Самайылов халықпен есептік кездесуінде.

Осы орайда, ол бірінші кезектегі шараларды қабылдау мақсатында Президент тиісті тапсырмаларды бергенін атап өтті.

«Барлық қажетті жұмыстар ұйымдастырылды. Тұрғын үйлерді, инженерлік желілерді, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін ҚР Үкіметі резервінен қаржы бөлінеді. Жақын арада келтірілген залалдың көлемі бағаланады, осы ретте қажетті есептеулер дайындалды. Барлық қалпына келтіру жұмыстарын жылдамдатылған тәртіпте жүргіземіз. Осы шаралар Үкімет бақылауында болады», - деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Сонымен қатар, Ә. Смайылов осы күндері Арыс қаласы тұрғындарына көмек көрсетіп жатқан ел халқына алғысын айтты.

Оның сөзіне қарағанда, «Арыс, біз біргеміз!» акциясы аясында Қаржы министрлігі мен оның комитеттері қызметшілері бір күндік еңбекақысын аударды. Бұл қаржы тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталады.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді.

Соңғы жаңалықтар
telegram