Арысты шағын қалаларды дамыту бағдарламасының тізіміне енгізу керек - Қ. Айтаханұлы
АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында сенатор Қуаныш Айтаханұлы Үкімет басшысының атына сауал жолдады.
Онда депутат елдің оңтүстігіндегі Арыс қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру жолдарын қарастыруды сұрады.
Сенатордың айтуынша, бүгінгі таңда Арыс қаласында 50 мыңға жуық халық тұрады. Теміржолдың үш бағыты түйісетін Арыс қаласының негізгі кіріс көзі осы темір жол болып саналады. Кеңес үкіметі кезінде Орта Азия қақпасы аталатын Арыс стансасында күніне 125 поезд құрастырылып, 3 бағытта жөнелтіліп жатты. Қалада локомотив, вагон деполары, шпал өңдеу зауыты және тағы басқа көптеген темір жол мекемелері, сауда, қоғамдық тамақтандыру орындары жұмыс істеп, жергілікті тұрғындар жұмыс орындарымен толық қамтылған болатын. «Ал соңғы 20 жылда Арыс теміржол стансасының жүк қозғалысы 5 есе азайып, тиісінше жұмысшылар саны да қысқаруға ұшырады. 1904 жылы іске қосылған Орынбор - Ташкент теміржолында жұмыс істейтін теміржолшылардың алтыншы буыны бұл күндері жұмыссыздық пен жұмыстан қысқартылу қаупімен моральдық және материалдық тұрғыда қиындықтар көруде», - дейді сенатор Қуаныш Айтаханұлы.
Оның пайымынша, аталған мәселені шешудің бірден-бір жолы - Елбасы Н. Назарбаевтың Жолдауында айтылған бір саланы тірек ететін шағын қалаларды дамыту бағдарламасының тізіміне Арыс қаласын енгізу. Осы арқылы озық технологиямен жұмыс істейтін, теміржол саласына қажетті бөлшектер шығаратын өндіріс орындарын ашу. «Бұл, теміржолшылар қаласы атанатын Арыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, қала тұрғындарын жұмыспен қамтуға ықпал етер еді», - дейді депутат.