Арыстық 250 бала жазғы демалысын Төле би ауданындағы лагерьлерде өткізедi
АРЫС. ҚазАқпарат – Арыстық 250 бала жазғы демалысын Төле би ауданында өткізедi, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымы осы шілде айында Арыстағы жарылыстан зардап шеккен отбасылардың үйлері жөнделіп жатқанын ескере отырып, мектеп жасындағы арыстық 250 оқушы балаға арналған «ENU Team» атты жазғы демалыс лагерін ұйымдастыруды қолға алды.
30 күнде мектеп оқушылары жай демалып қана қоймай бос уақытын тиімді пайдаланып, заманауи әдістемелерді қолдана отырып білімін жетілдіреді (ағылшын тілі оқыту, робототехника үйрену, спорттық шаралар өткізу), жеке қабілетін дамыту, т.б айналысады.
Түркістан облысының Төле би ауданында орналасқан «Біркөлік шатқалына» арыстық 50 бала келіп жайғасты. Жалпы əр маусымда балалар онда 10 күннен болады. Ал қалған 200 бала келесі онкүндікте осы лагерь мен Қасқасу елді мекенінде орналасқан «Көк төбе» жазғы лагерінде демалады.




