Арзан қысқы дөңгелек іздегендер алаяқтардың құрығына түсуі мүмкін – ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда күннің суытуына байланысты қысқы дөңгелектерге сұраныс артқан. Осыны пайдаланған алаяқтар интернетте арзан шина сатамыз деген желеумен тұрғындардың ақшасын алдап алуға тырысып жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.

в
Фото: ІІМ

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, алаяқтар интернет-платформаларда, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қысқы дөңгелектерді нарықтағы бағадан арзанға ұсынатын хабарландырулар жариялайды.

Өздерін сатушы ретінде таныстырған қаскөйлер тауарды брондау үшін алдын ала төлем жасауды немесе толық құнын аударуды талап етеді. Олар сұраныстың жоғары екенін, дөңгелектер саны шектеулі екенін айтып, сатып алушыны асықтырады.

Ақшаны алғаннан кейін байланысқа шықпай, сатып алушыны бұғаттап, хабарландыруды өшіріп тастайды. Салдарынан азаматтар ақшасынан да, тауардан да айырылады.

– Есіңізде болсын: төмен баға мен тез алдын ала төлем жасауды талап ету интернет-алаяқтықтың белгілері болуы мүмкін. Егер алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, дереу полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласыңыз, – деп ескертті ІІМ өкілдері.

Министрлік азаматтарға бейтаныс сатушыларға тауарды алмай тұрып ақша аудармауға, тым арзан ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді.

Сондай-ақ қысқы дөңгелектерді ресми дүкендер мен сенімді сауда орындарынан сатып алып, төлем жасамас бұрын олардың бар-жоғын және жай-күйін жеке тексерген жөн.

Полиция күмәнді сілтемелерге өтпеуді, банк картасының деректері мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеуді ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін полиция интернетте тауарларды арзан бағамен ұсынып, алдын ала төлем алғаннан кейін байланысқа шықпай қоятын алаяқтар туралы ескерткен болатын.