АСА 105: Арман Оспанов Расул Мирзаевты бірінші раундта нокаутпен жеңді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда аралас жекпе-жектен өтіп жатқан «Absolute Championship Akhmat 105» турнирінде көптен күткен қазақстандық Арман Оспанов пен ресейлік Расул Мирзаевтың жекпе-жегі болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
30 жастағы Арман Оспанов (9-3) пен 33 жастағы Расул Мирзаевтың (18-2) айқасы бұған дейін бірнеше мәрте жоспарланғанымен, әртүрлі себеппен өтпей қалған еді. Екі елдің мықты спортшылары бүгін Алматыда кездесті.
Қазақтың «Сұңқары» мен Қап тауының «Қара жолбарысының» айқасы көпке созылған жоқ. Алғашқы минуттарда Арман Расулды нокаутқа жіберіп, жеңісті жұлып алды.
Айта кетсек, турнирдің басты жекпе-жегінде ресейлік Шамиль Шахбулатов (11-2) пен бразиялық Даниэл Оливейра (26-6-1) кездеседі. Олар турнирде жеңіл салмақтағы чемпионды анықтайды.
Турнирді тікелей эфирден Qazsport арнасынан көрсетіп жатыр.