Аса ауыр қылмыстарға өлім жазасын енгізуге қайта айналып келудің қажеті жоқ - ҚР Бас прокуроры
АЛМАТЫ. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Аса ауыр қылмыстарға өлім жазасын енгізуге қайта айналып келудің қажеті жоқ.
ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми бүгін Алматыда өтіп жатқан "Адам құқығын қорғауды қылмыстық-процессуалдық салада қамтамасыз етудегі кепілдіктер" деп аталатын дөңгелек үстел мәжілісінде осылай айтты.
"Өмір болған соң әртүрлі ауыр қылмыстар болып тұрады. Осындай жағдай орын алған кезде қоғамда аса ауыр қылмыс жасағандарға өлім жазасын қайта енгізу мәселесі Парламентте немесе БАҚ-тарда көтеріліп жатады. Меніңше, біз ол кезеңнен өтіп кеткенбіз. Аса ауыр қылмыстарға өлім жазасын енгізуге қайта айналып келудің қажеті жоқ", - дейді Қайрат Мәми.
Бас прокурордың пайымдауынша, қылмыс жасайтын адам ертең өлім жазасына кесілуім мүмкін деп ойламағаннан не болмаса қылмысым ашылмайды деп жасайды. "Ешқандай ауыр жаза ешқашан болашақ қылмысты жасауға тосқауыл бола алмайды", - деді ол.