Асан Асылхан: 15 жасымда осындай жетістікке жеткеніме қуаныштымын
АСТАНА. KAZINFORM – Фристайл-акробатикадан Қазақстан қүрамасының спортшысы Асан Асылхан Харбинде (Қытай) өтіп жатқан 2025 жылғы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды.
ҚР ҰОК мәліметінше, бұл нәтижеге спортшы 15 жасында қол жеткізді. Оның айтуынша, енді оның жоспары – Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңінен өту.
- Өте бақыттымын. Бұл менің халықаралық деңгейдегі алғашқы медалім. 15 жасымда осындай жетістікке жеткеніме қуаныштымын. Бапкерлеріме алғысымды білдіргім келеді. Бұл спортқа мен 5 жасымда келдім. Айта кетерлік жайт, фристайл-акробатикамен менің үлкен әпкем де айналысқан. Өкінішке қарай, қазір ол мансабын аяқтады. Балалық шағымда әрдайым әпкеммен бірге спортзалға баратынмын. Кішкентай кезімнен батутқа қызығатынмын. Біраз уақыт өткеннен кейін секцияға жазылуды шештім. Менің алғашқы бапкерім Эльмира Сабировна болды. Қызық, мен бастапқыда басқа бапкерге жазылуды ойлаған едім, бірақ Эльмира Сабировна мені өз тобына шақырды. Азия ойындарында біз бапкеріміз қойған тапсырмаларды орындап, жетістікке жеттік. Алдағы уақытта FIS рейтингінде ұпай жинап, Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия аламыз. Ең басты арманым - Олимпиада ойындарында жүлдеге қол жеткізу. Алда көп жұмыс тұр, бірақ бапкеріміздің басшылығымен біз одан әрі дамып, нәтижелерімізді жақсартып, ілгері жылжуға тырысамыз, - деп айтты Асылхан.
10 ақпанда Қазақстан спортшылары қандай нәтиже көрсеткенін жазған болатынбыз.