Асан Базаев Люксембург туры екінші кезеңінің қорытындысы бойынша негізгі жіктелімде көш бастады
АЛМАТЫ. Маусымның 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Астана» велоклубының шабандозы Асан Базаев Люксембург туры екінші кезеңінің қорытындысы бойынша негізгі жіктелімде көш бастады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл 69-шы рет өтіп жатқан бұл байрақты бәсекеде бұған дейін 2,7 шақырымға жарыстың кіріспе стартында оның командалас серігі Грегори Раст мәре сызығын бірінші болып кесіп өткен болатын. Онда сөреге Асан Базаев төртінші, Андреас Клоден алтыншы болып жеткен. А. Базаев бұл көрсеткішін жарыстың «Schifflange-Differdange» аралығындағы 187 шақырымдық екінші кезеңінде де қайталап, 2-ші кезеңнің жалпы қорытындысы бойынша негізгі жіктелімде көш бастады. Ал оның командаластарынан А. Клоден алтыншы, Михаэль Шор 10-шы сатыда келе жатыр.