«Асан» фильмі Бакуде арнайы жүлдеге ие болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Режиссер Берік Жахановтың қысқаметражды «Асан» фильмі 9-шы Халықаралық Start film festival кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген  бұл картина әкесін ақтық сапарға шығарып салуға жолға шыққан бозбала туралы.

«Фестивальге мықты фильмдер қатысты. «Қазақфильм» киностудиясының басшылығы мен Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА қолдау көрсеткені үшін алғысым шексіз. Түсірілім тобын жеңіспен құттықтаймын, - деді әзербайжандық көрермендерге фильмін көрсеткен режиссер Берік Жаханов.

Биыл фестивальге қатысуға 45 елден 490 фильм ұсыным жіберген. Қабылдау комиссиясының шешімі бойынша негізгі конкурсқа 30 елден 100 фильм қабылданған.

Негізгі конкурсты халықаралық қазылар алқасы мүшелері бағалаған. Start film festival  халықаралық фестивалін Әзербайжанның Мәдениет министрлігі, Жастар және спорт министрлігі, Жас кинематографистер киноорталығы, Әзербайжан жастары және өндірушілер гильдиясы ұйымдастырған.  Фестиваль биыл «Фильм туралы жүз рет естігенше, жүз фильм көрген артық» ұранымен өтті.

Айта кетерлігі, «Асан» фильмі осы жылы Халықаралық Канн кинофестивалінің Short Film Corner аясында көрсетілген болатын.

 

Соңғы жаңалықтар