12:49, 23 Сәуір 2011 | GMT +5
Асанәлі Әшімов «Достастық жұлдыздары» мемлекетаралық сыйлығымен марапатталды
МӘСКЕУ. 23 сәуір. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Мәскеуде 2010 жылғы «Достастық жұлдыздары» мемлекетаралық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі болып өтті.
22 сәуірде өткізілген салтанатты шараға ТМД елдерінің танымал өнер және мәдениет қайраткерлері, РФ бірқатар жоғарғы мемлекеттік органдарының басшылығы қатысты.
Салтанатты шараның ашылу рәсімінде РФ Президенті Әкімшілігінің жетекшісі Сергей Нарышкин атап өткендей, сыйлық ғылым мен білім, өнер мен мәдениет, гуманитарлық қызметтегі жетістіктер үшін тапсырылады. Оның үстіне жетістіктер әлемдік деңгейге сай келіп, ТМД-ға қатысушы әрбір елдің дамуына ғана емес, жалпы Достастықтың дамуына ықпал етуі тиіс.
Қазақстанның театр және кино әртісі, КСРО мен ҚазССР халық әртісі, режиссер Асанәлі Әшімовке сыйлықты ТМД-ға қатысушы мемлекеттер гуманитарлық ынтымақтастығының мемлекетаралық қорының басқарма төрағасы Полад Бюльбюль оғлы табыс етті.