Асанәлі Әшімов «Jibek Joly» телеарнасындағы «Жақсы адамдарым» бенефис-шоуының алғашқы қонағы болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 23 қыркүйектен бастап «Jibek Joly» телеарнасынан «Жақсы адамдарым» атты бенефис-шоу эфирге шығады.

Асанәлі Әшімов «Jibek Joly» телеарнасындағы «Жақсы адамдарым» бенефис-шоуының алғашқы қонағы болды

Алматыда кеше бағдарламаның түсірілімі басталды. Бенифис-шоудың алғашқы қонағы ретінде Қазақстанның халық әртісі, аңыз адам, әйгілі актер Асанәлі Әшімов келді. Бағдарламаны еліміздегі танымал эстрада жұлдыздары Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина жүргізеді. ҚазАқпарат тілшісі көрермендер көзайымына айналатын осынау ерекше бағдарламаның алғашқы түсірілім барысымен танысып қайтқан еді.

«Jibek Joly» арнасынан көрерменге жол тартқалы тұрған бағдарлама менің репертуарымдағы қазаққа кеңінен танылған «Жақсы адамдарым» атты әнінен негіз алып тұр деп ойлаймын. Арна басшылығы мен продюсер бағдарлама тізгінін бізге сеніп тапсырғанан кейін, жүктелген жауапкершілік мол. Қыдырәлі екеуіміз көрермен көңілінен барынша шығуға тырысамыз. Бағдарламаның алғашқы кейіпкері – КСРО, ҚазКСР, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов. Аңыз, абыз адамның айтары көп. Ол кісінің шашбауын көтеріп жақындары, достары, жақсы адамдары келіп отыр. Көңіл-күй тамаша», - деді Қарақат Әбілдина бағдарлама түсірілімі алдында.

«Жақсы адамдарым» бенефис-шоуының продюсері Мейрамгүл Мәдәліні де сөзге тартқан едік. Оның айтуынша, бағдарламаның мақсаты – назардан тыс қалған көпке үлгі азаматтарды тауып, насихаттау.

«Дәл қазіргі заманда, әлеуметтік желіде адамдар арасында кикілжің өте көп. Олардың бір-бірімен керісіп, ұрсысып жатқанын жиі көреміз, оқимыз. Осындай кезде арамызда жақсы адамдар бар екенін және олар әрқайсымыздың жанымызда жүргенін білдіріп, халыққа жеткізіп, көрсеткіміз келді. Сондықтан бағдарламаны «Жақсы адамдарым» деп алдық»,- дейді продюсер.

Сондай-ақ көрермен бағдарламадан халыққа танымал адамдардың өмірін, еңбегін, шығармашылығын, бұрын-соңды айтылмаған қыр-сырын біле алады.

Продюсер бағдарламаның форматына да тоқталды.

«Хабардың құрылымына келер болсақ, бізде бас кейіпкер болады және оның айналасында ірі тұлғалар бар. Студияда сол кісілердің басын қосып, жүргізушілер әдемі әңгіме өрбітеді. Бір хабарды эфирге дайындап шығару үшін үлкен команда жұмыс істейді. Жүзге жуық маман тартылды. Шығармашылық және техникалық топтың еңбегі зор»,- дейді ол.

Бағдарлама «Jibek Joly» арнасынан 23 қыркүйектен бастап шығады. Аптасына бір рет көрсетіледі. Сонымен қатар оны YouTube платформасынан да көруге болады. Эфир уақытының ұзақтығы – 1 сағат.

Айта кетейік, «Jibek Joly» телеарнасы «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ құрылымына кіреді. Телеарна тәулігіне 24 сағат 55% қазақ және 45% орыс тілінде хабар таратады.