Асанәлі Әшімовтің «Әруақ» фильмі Еуразия кинофестивалін ашады
Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы халыққа есеп беру кездесуінде хабарлады.
"Отандық фильмдерге ерекше көңіл аударуымыз керек, бұл бағытта министрлік ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Біз өз тарихымыз туралы фильм түсірдік. Осылайша біз туралы, біздің тарихымыз туралы түсірілген лас фильмдер ағынын тоқтата алдық. Соңғы 3-4 жылда Ресеймен бірлесіп "28 панфиловшы" картинасын, "Алмас Қылыш", "Анаға апарар жол", "Құнанбай", "Аманат", Азияның үздік картинасы атанған "Оралман" фильмдері түсірілді. Биылғы Еуразия кинофестивалі Асанәлі Әшімовтің "Әруақ" фильмімен ашылады", - деді министр халыққа есеп беру кездесуінде.
Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін "Балуан Шолақ", "Әруақ" фильмдері және анимациялық "Күлтегін", "Мұзбалақ" жобалары қазақстандық кинопрокатқа шығады.
Сонымен бірге, қыркүйек айында Қазақстан мен Қытай кинематографистерінің тұңғыш бірлескен жобасы - «Композитор» фильмі әлемдік прокатқа шығады.