Асанәлі Әшімұлы: «Мәңгілік Ел» қойылымының сахналық-техникалық ұйымдастырылуы ұқыпты болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Мәңгілік Ел» театрландырылған қойылымы сахналануы бойынша да, декорация жағынан да өте ұқыпты ұйымдастырылған дүние болды, дейді «Ұлы Дала прологын» оқып, қойылымның басын ашқан Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімұлы.
Театрыландырылған қойылымда «О, дала, ойхой дала, өркен дала, Өңкей бір шілдехана өлкем дала! Білмеймін сені неге теңерімді, Кең дала, керік дала, көркем дала! Әрине, анам болдың құндақтаған, Әрине, әкем болдың күн қақтаған. Әрине, жар да болдың дос та болдың, Әрине,әр сүйемің қымбат маған...» - деген прологты оқып, туған елге тәу еткізген Асанәлі Әшімұлы ісіміздің сәтті өтуіне алдымен өзіміз тілекші болдық дейді.
«Жалпы, қойылымның дайындығының өзі жоғары деңгейде жүрді. Ең бастысы, елге, қарапайым халыққа қатты ұнады. Біз өз жұмысымыздың «фанатымыз» ғой, сондықтан, осы ісіміздің жақсы өтуіне ең алдымен өзіміз тілекші болдық. «Мәңгілік Ел» қойылымы бастан-аяқ, тіпті, жай дайындық күндерінің өзі өте тәртіпті, ұқыпты ұйымдастырылды», - дейді Асанәлі Әшімұлы.
Қазақстанның және КСРО-ның Халық әртісі Асанәлі Әшімов өзіне қойылымның бірінші бөлімі қатты ұнағандығын айтты.
«Қойылымның декорациясын, жарығын, техникасын түзетуге итальяндық мамандар қатысты. Бірақ, сценарий өзіміздікі, режиссерлік топ та өзімізден болды. Ал Итальядан келген мамандар тапсырыс алып отырған соң, жоғары деңгейде жарықтандырып беруге міндетті еді. Ең бастысы, ойнаған әртістер де, техникаға жауап берген қызметкерлер де талаптан шықты. Өз басыма қойылымның бірінші бөлімі қатты ұнады. Тұнып тұрған тарих. Екінші бөлімі сыртқы саясатымызға керек дүние. Бәрін айт та бірін айт, ең бастысы қойылым халыққа ұнады. Намысты қолдан бермейік деп, шаршасақ та, бастан-аяқ жүрдік. Халықаралық мәдениет аренасын өз аузымыға қарата алатынымызды дәлелдедік», - дейді А.Әшімұлы.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай 11 қыркүйек күні Астанадағы «Барыс» мұз сарайында «Мәңгілік Ел» тақырыбында театрландырылған қойылым өткен болатын. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабының желісі бойынша дайындалған қойылымды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев,сонымен қатар, Түркия Республикасы Парламентінің төрағасы Исмет Йылмаз тамашалаған болатын.