Әсел Дәлиеваға ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушысы атағы берілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Есімі тоғызқұмалақ тарихында алтын әріптермен жазылған, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, әлемнің 9 дүркін чемпионы Әсел Дәлиеваға ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушысы атағы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әсел Дәлиеваға ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушысы атағы берілді

Әсел Қазақстан бойынша ересектер арасындағы республикалық чемпионатты жеңіп, ең жас спорт шебері атағына 12 жасында ие болды және 16 жасында ең жас Халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Қазақстанның 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы чемпионаттарының 6 дүркін жеңімпазы, Қазақстанның ересектер арасындағы сайыстарында 13 дүркін чемпионы, сонымен қатар 3 дүркін Азия чемпионы атанса, 9 дүркін тоғызқұмалақтан әлем чемпионы атанған жалғыз спортшы.

Бұдан басқа да көптеген шетелдерде өткен (Прага, Пардубици, Лятурдепе, Канн, Антигуа жане Барбуда, Анталья, Ыстанбұл, Бішкек, Ташкент, Орынбор) халықаралық жарыстардың жеңімпазы.

«Тоғызқұмалақта шәкіртің әлем чемпионатында жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінсе, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушысы атағы беріледі. Менің төл ойынымыз тоғызқұмалақтан жаттықтырып жүрген оқушым Лина Каримова осы жылы сәуір айында Түркияда өткен әлем біріншілігінде екінші мәрте топ жарды. Міне, осы жетістігімізді ескерген ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев маған «ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушысы атағын» берді. Алда, біз бағындыратын биік белестер көп. Төл ойынымызды төрткіл дүниеге танытуға бар күш-жігерімізді саламыз», - деп ағынан жарылды Әсел Дәлиева ҚазАқпарат тілшісіне.

Айта кетейік, Әсел Дәлиева бүгінгі таңда Түркістан облыстық Ұлттық спорт мектебінде тоғызқұмалақ ойынынан жаттықтырушы болып қызмет етеді.