Әсел Қанай Азия ойындарының алтын жүлдесіне таласады
НАГОЯ.KAZINFORM — Қазақстандық каратэші Әсел Қанай Жапонияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының ақтық сынына жолдама алды.
Отандасымыз әйелдер арасында 61кг салмақта каратэден кумите бағдарламасы бойынша финалға өтті.
Қазақстандық спортшы ширек финалда моңғолиялық Пуревжав Маралжингооны 9:1 есебімен жеңсе, жартылай финалда камбоджалық Ван Чакрияны 3:0 есебімен қапы қалдырды.
Әсел Қанай 2022 жылғы Ханчжоу Азия ойындарының қола жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионатының чемпионы.
Айта кетейік, ерлер арасындағы кумите бағдарламасында Олжас Алтынбек (-67 кг) алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті. Алайда, спортшы ширек финалда иорданиялық Абдельрахман Аль-Масатфаға жол берді.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Жоламан Биғабыл каратэден Азия ойындарының чемпионы атанды.
Сонымен қатар, каратэші Софья Берульцева Қазақстан қоржынына Азиаданың төртінші алтынын салды.