Әсел Жанасова пошта арқылы дәрі-дәрмек жеткізу тәртібін түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM - «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова пошта қызметі арқылы дәрі-дәрмек жеткізу тәртібіне қатысты түсінік берді.

дәріхана
Фото: Freepik

Оның айтуынша, бұл жұмыстар «СҚ-Фармация» және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе пысықталған.

- «Қазпошта» Қазақстан бойынша ең ірі логистикалық тасымалдаушы саналады. Бұл тұрғыда тауарларды сақтауға арналған ауқымды қоймалар бар. Еліміздің облыстарында үлкен қоймалар жасақталған. Сонымен қатар, затты үйге дейін жеткізетін пошта қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Енді бізге дәрі-дәрмекті жеткізу де қомақты табыстың жолы. «СҚ-Фармация» бізге қай дәріні жеткізуді тапсырса, оны нақты мекенжайға жеткіземіз. Яғни бұл дәрі-дәрмекті мүмкіндігі шектеулі жандар, үйден шыға алмайтын қарттар қалай алады? Осы адамдар көбіне емханаға бара алмайды. Сондықтан дәрі-дәрмекті үйлеріне дейін жеткізуді ұсынып отырмыз, - Ә.Жанасова.

Бұл тұрғыда ол «Қазпошта» қазір зейнетақыны, жәрдемақыны жеткізетінін еске салды.

- Үйден шыға алмайтын 1 млн клиентіміз бар. Солар үшін дәрі-дермекті де жеткізу, соның лицензиясын алу бүгін талқыланған заң жобасында ескерілген, - деді «Қазпошта» басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Пошта туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. 

Соңғы жаңалықтар