Әсет Исекешев Ақпараттық технологиялар паркін дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді
ТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Алматы қаласында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің төрағалығымен «Ақпараттық технологиялар паркі» АЭА одан әрі дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізілді,
деп хабарлады ҚР Индстрия және ақпараттық технологиялар министрлігінің ақпарат басқармасы.
Кеңес алдында вице-премьер Парк аумағында өнім өндірісін ұйымдастыратын 6 компанияның жобаларымен танысты. Шығаруға жоспарланған өнімнің ассортименті өте мол: жарық беретін шамдар, лазерлік принтерлерге арналған жинақтаушылар, ұялы телефондар, коммутаторлар, телекоммуникациялық жабдық, кеңсе тауарларын сату жөніндегі автоматтар. Қазіргі уақытта, аталған компаниялар технологиялық қажеттілікке арналған өндірістік модулді қайта жасақтау жөніндегі жұмыстарды жүргізуде, жабдықты жеткізу күтілуде. Өндірістерді іске қосу ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған.
Бұдан өзге, тағы он компания өз жобаларын ұсынды, олар таяу уақытта Паркке кіруді жоспарлап отыр.
Әсет Исекешев жобалық толықтыру жөніндегі жүргізіліп отырған жұмысты оң бағалады және елеулі инновациялық әлеуеті бар әрі экономиканың технологиялық жаңғыртылуына оң әсер ететіндерін ғана Паркке жібере отырып, жобаларды іріктеуге егжей-тегжейлі келу керектігін атап өтті.
Кеңесте Паркті одан әрі дамыту жөніндегі Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы, жаңа объектілерді салуға дайындық, «Арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жаңа редакциясын қабылдаумен байланысты басқару жүйесін өзгерту барысы, сондай-ақ, ұйымдастырушылық сипатындағы басқа да мәселелер талқыланды.
Кеңеске қатысушылар инженерлік желілерді және Паркте қалыптастырылатын инновацияларды генерациялау жүйесінің негізгі элементі болатын бірқатар объектілерді жобалау жөніндегі жұмыс барысы туралы хабардар етті. Атап айтқанда, Қазақ мұнай және газ институты 7,2 га аумақта орналасатын және оны дамытудың жаңа тұжырымдамасын мақұлдағаннан кейін Парк аумағында пайдалануға берілетін алғашқы объекті болатын ғылыми-зерттеу кешенін құруға жоспарлауды аяқтады.
Қазақ-Британ техникалық университетінің ректоры Ескендір Бейсембетовтың айтуынша, Паркте студенттерді оқыту және олардың тұруы үшін барлық қажетті инфрақұрылыммен 50 гектарға дейінгі аумақта жаңа кампусты орналастыру жоспарланып отыр. Жаңа кампусты салу мен жарақтандырудың құны 200 миллион АҚШ долл. бағаланып отыр.
Дата-орталықты жобалауға дайындық туралы «Қазақтелеком» АҚ Президенті Қуанышбек Есекеев хабарлады. «Зерде» инфокоммуникациялық холдингі де болашақ инфокоммуникациялық кластердің объектілерін пысықтауға кірісті.
Сөз сөйлеушілер Паркке жаңа инвесторлар мен инновациялық компаниялардың келуі үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін инженерлік коммуникациялар желілерін салуды жедел бастау қажеттілігін ерекше атап өтті.
Кеңесте қажетті ұйымдастырушылық іс-шараларын дәйекті іске асыруды көздейтін Ақпараттық технологиялар паркін одан әрі дамыту жөніндегі операциялық жоспар ұсынылды. Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер кездесуге қатысушылар айтқан ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, аталған жоспарды пысықтауды тапсырды.
Барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасында жұмысты үйлестіру үшін осындай кеңестер айына бір рет өткізілетін болады.