Әсет Исекешев: Астанада су басу қаупі бар учаскелер азайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігі көктемгі су тасқынымен туындауы мүмкін қауіптің алдын алу үшін кешенді іс-шаралар жоспарын құрды. Бұл туралы елорда әкімі Әсет Исекешев ҚР Үкіметінің отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Осы жоспарға сәйкес су басу қаупі жоғары учаскелердің толық тізбесі жасалды. Олардың саны 37-ден 27-ге қысқарғанын айта кету керек. Әр учаске бойынша жүргізілетін жұмыс түрлері, көлемі, қажетті материал, қаржыландыруға жауапты адамдар белгіленді. Барлық тұрғын үйлер ескерілген, оның ішінде Ильинка, Өндіріс, Көктал, Железнодорожный, Пригородный, Оңтүстік-Шығыс және тағы басқалары бар. Сонымен қатар жаңа теміржол вокзалы, әуежай, Газ аппаратурасы зауыты аумақтарына ерекше назар аударылды», - деп келтірді Ә.Исекешевтің сөзін Астананың медиа орталығы.

Астана әкімінің айтуынша,  гидротехникалық құрылғылардың қауіпсіз режімде жұмыс жасауы бақылауға алынған және кестеге сәйкес «Астана су қоймасының 2017 жылдың сәуірінен 2018 жылдың наурыз айы аралығындағы жұмыс режімі» бекітілген. «Астана қаласын Есілдің тасқын суларынан қорғау» (Астаналық су реттегіші) объектісінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, аяқталуы - 2017 жылдың 15 желтоқсаны.

Бұдан басқа, көктемгі су тасқыны көлемін анықтау бойынша «Қазгидромет» РМК-мен бірлесіп Мойылды және Есіл өзендері бассейндерін маршруттық тексеру картасы әзірленді (2018 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір айларының бірінші жартысы).

«Ең маңызды шара - қар шығару. Су тасқынын болдырмау және алдын алу үшін қала аумағынан қарды қарқынды түрде шығару бірінші кезектегі шаралар болып қалуда. Қыс мезгілінде қала көшелерін тазалауға 1 840 арнайы техника мен үш мыңға жуық жұмыскер жұмылдырылады», - деді Ә.Исекешев.

Астана қаласының әкімі «Майбалық көлі - «Нұра-Есіл» каналы» су ағызу каналын кеңейту туралы да айтты.

«Әуежайдың ұшып-қону алаңын су басу қаупінен сақтау үшін Майбалық өзенінен келетін суды кедергісіз өткізу көлемін арттыру бойынша «Нұра-Есіл» (ұзындығы 5,4 километрді құрайтын) каналының түбін кеңейту және жағалау еңістерін нығайту қарастырылған (2018 жылдың наурыз айы)», - деп хабарлады шаһар басшысы.

Сонымен қатар «Кіші Талдыкөл» өзені және Ильинка тұрғын үй алабындағы дамбының жан-жағын бекіту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Қазіргі кезде жұмыс көлемінің ауқымы, жұмысқа жауапты мемлекеттік мекеме және құрылыс компаниясы анықталды.

Ал Газ аппаратурасы ауданы аймағында Есіл өзенінің арнасын кеңейту қарастырылған. Қала билігі аталмыш аймақты жиі су басып қалу мәселесі барын айтады. Бұл мәселе Есіл өзенінің арнасын кеңейту құрылысы аяқталған кезде шешілуі тиіс.

«Бүгінде біз ТЖ фактілерін болдырмау мақсатында әзірленген шараларды іске асыруға кірістік, соның ішінде «Жол картасы» шеңберінде «2017-2020 жылдарға арналған тасқын қаупінің алдын алу және жою бойынша іс-шаралар кешені» және «Арнаны қайта жаңарту жобасы» бойынша № 1, 2, 3, 5-ші жер учаскелерін босату (барлығы 152 жер учаскесін алу көзделген, қазіргі күні 26 жер учаскесі алынған)», - деді қала әкімі.

 

Соңғы жаңалықтар