Әсет Исекешев елордалықтарды сенбілікке шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Әсет Исекешев әлеуметтік желі арқылы қала тұрғындарын сенбілікке шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаламызда экологиялық айлық басталды. Бұл шара елордамыздың ажарын ашуға, оны көркейтуге бағытталған. Барлық қалалық қызметтер белсенді түрде көшелерді тазалап, өзіне қарасты төңіректі көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде. Сенбілікке көше бойларында орналасқан кафелер, дүкендер мен өзге де мекемелер қатысады. Бұл игі шараға барлық қала тұрғындарын да қатысуға шақырамыз», - деп жазды Әсет Өренбайұлы Фейсбуктегі парақшасында.
Оның атап өтуінше, сенбіліктер 21 сәуір мен 12 мамыр аралығында "Астана - таза және қауіпсіз қала" акциясы аясында өтеді.
«Тазалық жұмыстарына қатысты керек-жарақтар сол жерде беріледі. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, іске кірісейік!», - деді қала басшысы. 
