Әсет Исекешев минералдық-шикізаттық саласындағы геологиялық жұмыстардың ахуалын жақсартуды ұсынды

АНА. 14 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев минералдық-шикізаттық саласындағы геологиялық жұмыстардың ахуалын жақсартуды ұсынды.

Әсет Исекешев минералдық-шикізаттық саласындағы геологиялық жұмыстардың ахуалын жақсартуды ұсынды

«Біз қазіргі кезде Кеңес Одағы кезіндегі геологиялық зерттелген және барланған қорды пайдаланып келеміз. Екіншіден, бұл бағытта кадр мен ғылым мәселесі бар. Бұған дейін елімізде өте мықты геологиялық кадрлар болған еді, қазіргі кезде олар қартайып келеді. Өкішке қарай осы кадрларды алмастыратын жаңа мамандардың қатары сирек. Осы тұрғыда үлкен проблема бар», - деді министр. Осы орайда ведомство басшысы өкінішке қарай соңғы 15-20 жылда геологиялық барлау жұмыстарына қажетті деңгейде қаржы бөлінбегенін айтып өтті.

Ә. Исекешев Қазақстандағы көптеген қалалар ірі кен орындарының маңында шоғырланғанын айта келе: «атап айтқанда осы қалалардағы кен орындары қорының ұдайы өндірісі мәселесі өте маңызды. Себебі, бұл жұмыстар жүргізілмесе аталған қалалардағы ахуал төмендей түседі», - деді.

Оның пайымдауынша, минералдық-шикізаттық кешенін дамыту үшін қаржыландыру көлемін артыру қажет. Атап айтқанда алдағы 4-5 жылда қаржыландыруды арттыру өте маңызды.

«Минералдық кешен қосымша құнды қамтамасыз етуде, сондай-ақ бәсекеге қабілеттілік тұрғысындағы ықпалы зор. Сондықтан бұл бағытты дамытып, жоғары технологияларды енгізуіміз қажет. Бұрындары бұл салаға қаржы жетпеді және басты назар басқа мәселелерді шешуге бағытталған еді. Енді бұл саланы басымдықты түрде дамытқан жөн», - деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстандағы минералдық-шикізаттық кешенді дамыту жөніндегі бағдарлама мақұлдады. Аталған бағдарламаның мақсаты - өнеркәсіптің барлық салаларын дамыту үшін минералдық-ресурстарды тиімді және кешенді түрде пайдалануды қамтамасыз етуге негізделіп отыр.