Әсет Исекешев ШЫҰ елдері қалаларының Мэрлер кеңесін құруды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Мэрлер кеңесін құру қажет. Мұндай ұсынысты бүгін ТМД-ның астаналары мен ірі қалаларының халықаралық ассамблеясының 25-ші сессиясы барысында елорда әкімі Әсет Исекешев жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Біз Ресей, Қытай, Үндістан, Орталық Азия арасында ШЫҰ елдері қалаларының Мэрлер кеңесін құру бастамасын көтеріп отырмыз. Кеңестің мақсаты - сауда саласындағы ынтымақтастық, қалаларды дамыту саласында технологиялармен алмасу, қала құрылысы, энергия тиімділігі, жаңаратын энергия көздері, смарт-технология, қоғамдық көілктерді дамыту, электронды коммерцияны дамыту, универсиеттер арасында байланыстар. Бұл мақсаттардың барлығы да ШЫҰ идеясына сай келеді», - деді ол.

Оның пайымынша, Мэрлер кеңесі сессиядан сессияға дейін жылына бір мәрте ғана жұмыс істемейтін, яғни тұрақты іс-қимылда болатын прагматикалық алаңға айналуы тиіс.

«Жалпы ШЫҰ құрылымында Үкімет басшыларының, Сыртқы істер министрлерінің, әр  министрлікпен ведомстволардың арнайы кеңестері құрылған. Демек,  Мэрлер кеңесін құру бастамамыз да бүгінгі күні барынша өзекті болып отыр. Ағымдағы жылдың күзінен-ақ оның жұмысын бастап кетуге  дайынбыз. Келер  жылы бірінші отырысын өткізер едік. Бұл бастамаға қолдау білдірсеңіздер оны Астанада ұйымдастыра аламыз», - деді Әсет Исекешев.

ТМД-ның астаналары мен ірі қалаларының халықаралық ассамблеясының 25-ші сессиясына қауымдастыққа мүше 28 қаланың 100-ге жуық өкілі, 5 халықаралық бірлестік пен 7 ғылыми және сараптамалық ұйымның өкілдері қатысуда. Шара барысында қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлер жағдайында қаланың кешенді әрі тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша инновациялық шешімдерді іздестіруге арналған.

Айта кетейік, бұл қауымдастық 1998 жылдың 3 қыркүйегінде ТМД-ның 9 мемлекетінің 19 ірі қалалары әкімшіліктерінің бастамасымен құрылған болатын. Бүгінде қауымдастыққа ТМД-ның 9 елінің 87 қаласы, оның ішінде Қазақстанның 9 қаласы кіреді.

 

Соңғы жаңалықтар