Асхат Аймағамбетов: Балабақшалар әзірге жұмысын тоқтатпайды

«Білім және ғылым салаларында алдын алу шаралары қабылданды. БҒМ тиісті бұйрығы шығып, оны барлық білім беру ұйымы мен облыстардың білім басқармаларына жеткіздік. Сол бұйрықта ең басты тапсырмалар берілді. Ең біріншіден, балабақшаларға тоқталар болсақ, алдын ала ақпарат бергендей, балабақшалар әзірге жұмысын тоқтатпайды. Бірақ біз ата-аналардың мүмкіндіктеріне қарай, балабақшаға бармауды (апармауды – авт.) ұсынамыз. Мұның алдында бұйрыққа сәйкес бала бірнеше күн бойы балабақшаға келмесе, шығарылатыны туралы норма бар еді. Біз қазір ол норманы алып тастадық», - деді Асхат Аймағамбетов.
Білім және ғылым министрі қазіргі уақытта баланы балабақшаға әкелмесе де орны сақталатынын жеткізді.
Еске сала кетсек, Денсаулық сақтау министрі 14 наурызда елордада өткен баспасөз мәслихатында Елжан Біртанов Қазақстанда екі адамның коронавирус жұқтырғанын жеткізген еді. Көп өтпей Милан қаласынан Нұр-Сұлтанға келген тағы бір қазақстандықтан коронавирус инфекциясы табылды.
Кейін Германиядан ұшып келген Қазақстанның тағы бір азаматынан коронавирус анықталды. Осылайша бұл дертке шалдыққандар саны 4 адамға жеткен еді.