Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Асхат Аймағамбетов грантқа түсе алмаған талапкерлерге кеңес берді

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік білім грантын иелене алмаған талапкерлер үшін грантқа түсудің және білім алудың өзге де бірнеше мүмкіндігі бар. Бұл туралы бұрынғы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

гранты
Фото: halyq-uni.kz

Оның айтуынша, грант конкурсының нәтижесі талапкер үшін барлық мүмкіндік аяқталды дегенді білдірмейді.

– Бастысы – әлі де грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар. Біріншіден, әкімдіктердің гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді. Екіншіден, «Қазақстан халқына» қорының гранттары тағы бар, – деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ кейбір талапкерлер түрлі себеппен жеңіп алған мемлекеттік грантынан бас тартуы мүмкін. Мұндай жағдайда босаған гранттар конкурс нәтижесі мен ҰБТ-да жинаған балға сәйкес келесі талапкерлерге беріледі.

Бұдан бөлек, талапкер жоғары оқу орнына ақылы негізде түсіп, кейін оқу үлгерімі жоғары болған жағдайда білім алу барысында босаған грантқа үміткер бола алады. Университеттердің өз ішкі гранттары да қарастырылған.

– «Gap year» арқылы бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алуға болады. Ол менің өз басымнан өткен оқиға. Бұл да жақсы шешім, – деді ол.

Асхат Аймағамбетов тағы бір мүмкіндік ретінде колледжге түсуді атады. Оның сөзінше, колледждерде грант саны көп әрі еңбек нарығында техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға сұраныс жоғары. Кейін колледж түлегі оқуын жоғары оқу орнында жалғастыра алады.

– Көріп отырғандарыңыздай, мүмкіндіктер өте көп. Бәрі алда. Толық мәлімет алу үшін университеттердің қабылдау комиссиясына жолығу керек, – деді Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, биыл ең көп білім беру гранты қандай мамандықтарға бөлінгенін мынау сілтемеден оқыңыз.