Асхат Аймағамбетов мектептердің статистикасы неге шындықтан алшақ екенін айтты

Асхат Аймагамбетов
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында депутат Асхат Аймағамбетов статистикалық деректерді жинау ісі қатты саясиланып кеткендіктен шындықтан алшақтап бара жатқанын нақты мысалмен жеткізді.

«Саладағы басты тетіктің бірі – ақпаратты жинау тәсілі. Ақпаратты қалай жинап жүрміз, оны базаға кім енгізеді? Тағы да менің сүйікті тақырыбыма салып қарайық. Мысалы апаттық жағдайдағы немесе үш ауысымда оқытатын мектептердің статистикасын алайық. Ол мектептердің ақпаратын, ішіндегі қондырғылардың мәліметін кім жинайды? Мектептердің өзі жинайды. Не мұғалім, не лаборант отырады да, базаға кіргізеді. Оған тапсырма беріп қойған. «Бәріне сәйкестіріп жаз», - деген пәрмен берілген. Білім берудің ұлттық деректер базасына сол ақпарат кетеді. Оны кейін Ұлттық статистика бюросы алады. Біздің деректер осылай алынады», - деді ол.

Депутаттың сөзінше, жүйедегі бұл олқылық деректерді бұрмалауға жол ашып отыр.

«Сондықтан бұл жерде деректерді жинау тетігін қарау керек. Әзірге статистикалық деректер жинау жоғары деңгейде саясиланып кеткен. Сәйкесінше деректерді бұрмалау пайда болады», - деді Асхат Аймағамбетов.

Соңғы жаңалықтар