Асхат Аймағамбетов мешітте қиылған неке туралы: Бұл – заңсыз

Асхат Аймагамбетов
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ресми тіркеусіз мешітте неке қиюды заңсыз әрекет деп есептейтінін мәлім етті.

Журналистер депутаттан мешітте ресми тіркеусіз қиылған некені заңды деп тану қаншалықты ойға қонымды екенін сұрады.

«Сіз айтып тұрған әрекеттерді құптамаймын, тіпті заңсыз деп есептеймін. Бізде тиісті тәртіп бойынша ресми тіркелген неке ғана заңды болып есептеледі. Ресми тіркеусіз қиылғанның бәрі неке болып есептелмейді. Демек, мешітте немесе шіркеуде ғана қиылған неке заңды неке бола алмайды», - деді ол.

Депутат заңда бұл мәселе айқын реттелгенімен, мешітте ғана неке қия салу трендке айналып бара жатыр деп есептейді. 

«Шын мәнінде бұл заңға қайшы. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Неке қиюдың заңмен белгіленген тәртібі бар. Ресми тіркеусіз неке қиятын діни қызметкерлердің жауапкершілігін талқылап, талдау керек. Мен бұл мәселемен айналысамын», - деді Асхат Аймағамбетов.

Соңғы жаңалықтар