Асхат Дауылбаев балалар үйі мен мектептерде «сенім жәшігін» орнатуды ұсынды

Бұл туралы ол бүгін Астанада Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінің, сондай-ақ депутаттардың қатысуымен өткен бірлескен алқа мәжілісінде айтты.
Оның сөзіне қарағанда, әскердегі әлімжеттікпен және зорлық-зомбылық фактілерімен күрес бағытында әскерилер шағымдарын кез келген уақытта жіберу үшін арнайы жәшіктер жабдықталған.
«Сонымен қатар біз аталған жәшіктерді әскери бөлімдердің басшылары қадағаламайтындай етіп істедік. Менің ойымша, балалар өздерінің ата-аналарынан оқшау жүрген және олар өздерінің құқықтарын қорғай алмайтын барлық мекемелерде бізге осындай жұмыстарды ретке келтіру керек»,-деп атап өтті А. Дауылбеав.
Оның пайымдауынша, осындай жүйе тиімді әрі кері байланысты орнатуға қауқарлы.
«Бізде бүгінде әрбір мектепте кәмелетке толмағандардың істері бойынша инспекторлар бекітілген. Олар күнделікті жүйелі негізде бұл ақпаратты алар еді және фактілер бойынша жедел іс-қимылдар жасауға мүмкіндік тумақ»,-деді Бас прокурор. Сөз соңында ол прокурорлар жоқ дегенде айына бір мәрте аталған мекемелерде болуы тиіс екенін қадап айтты.