Асхат Жіткеев Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды
АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінде 27 желтоқсан күні ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовтың төрағалығымен Гуанчжоуда өткен XVI жазғы Азия ойындарында дзюдо бойынша ұлттық құрама команданың өнер көрсетуінің қорытындысы жөніндегі кеңес өтті.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кеңес барысында Гуанчжоуда өткен XVI жазғы Азия ойындарында Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасының өнер көрсетуі бойынша есептер тыңдалып, мәселелер талқыға салынды, кемшіліктері талқыға түсті.
Министр Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында кеткен кемшіліктерді жою үшін тиісті тапсырмалар берді.
Кеңес барысында Асхат Жіткеевтің Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама команданың бас жаттықтырушысы болып тағайындалғаны мәлім болды. Ал Ербол Қырғызбаев Дзюдодан Қазақстанның әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды.