Әшекейлер, жер аумақтары, валюта – Мемлекетке қайтарылған активтер қайда жұмсалады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Активтерді қайтару бойынша ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек қайтарылған активтердің қайда жұмсалатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Комиссия жұмысының нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 760 млрд теңге қайтарылды. Бұл комиссия жұмысқа кіріскен 7-8 айдың нәтижесі және бұл сандардың көбейетіні сөзсіз. Аталған сома дүние-мүлік түрінде, актив түрінде және валюта түрінде қайтарылып жатыр. Бұл активтер Лихтенштейн, Аустрия, Біріккен Араб Әмірліктерінен келуде», - деді Зейін Әліпбек Бас прокуратура кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Қайрат Сатыбалдыұлына байланысты ондаған миллион доллардың әшекей заттары қайтарылды, 360 млрд теңге мемлекетке келген тікелей залал өтелді.

Сондай-ақ, қылмыстық істердің фигуранттары 172 млрд теңгені өз еркімен мемлекетке қайтарып берген.

«Қайтарылған активтер еліміздің әр саласына жіберіледі. Мысалы салықтан жалтарулар болса, біздің комиссия 100 млрд теңгенің салығын қайтарды, ол салық органдарының өз шотына түседі. Оған қоса заңсыз алынған, өз мақсатына пайдаланылмаған 460 мың гектар жер қайтарылды. Бұл да әр ауылдың, әр аумақтың меншігіне қайтарылады. Тәркіленген басқа да мүліктерді қайда жіберу керегі талқыланып жатыр», - деді З. Әліпбек.

Айта кетейік, Бас прокуратурада Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Тұтастай алғанда, мемлекетке ортақ күш-жігермен 760 млрд теңгеден астам сомаға активтер қайтарылды, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 млн доллар келген.


Соңғы жаңалықтар