08:12, 29 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ашғабад Каспий жағалауы газ құбырының қуатын арттыруды ұсынуда
АШҒАБАД. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат – Түрікменстан Каспий жағалауы газ құбырының қуатын арттыруды ұсынуда.

Түрікменстан үкіметінің ресми хабарламасында мәлім етілгендей, бұл ұсыныс осынау жобаны жүзеге асыру мәселелері бойынша Астанада кеше өткен үшжақты кездесуде мәлім етілген. Келіссөзге «Түрікменгаз» мемлекеттік концернінің, ресейлік «Газпромның» және Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өкілдері қатысқан. Хабарламада атап көрсетілгендей, тараптар газ құбырының құрылысын жеделдетуге мүдделілік білдіріп отыр. «Осы бағыттадағы нақты қадамдарды талқылау аясында түрікмен тарапы президенті Құрбанқұлы Бердімұхаммедовтың тапсырмасы бойынша Каспий жағалауы құбырының қуатын арттыру, оның ішінде түрікмен кеніштерінен жеткізілетін шикізат есебінен артыру туралы бастама көтерді», делінген хабарламада. Газ құбырының құрылысын 2009 жылдың екінші жартысында бастап, 2010 жылдан кешіктірмей аяқтау жоспарлануда. Каспий өңірі газ құбыры Түрікменстанның Каспий теңізі жағалауындағы «Белек» компрессорлық стансасынан басталып, Қазақстан арқылы Саратов облысындағы «Александров Гай» ресейлік газ өлшеу стансасына дейін созылады.