Ашхабад-Алматы бағыты бойынша ұшақ аптасына үш рет ұшатын болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті халықаралық бағыттағы рейстердің жиілігін арттыру бойынша жұмыстарды жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аталмыш министрліктің Фейсбук парақшасына сілтеме жасап.

Ашхабад-Алматы бағыты бойынша ұшақ аптасына үш рет ұшатын болды

«2018 жылғы 19 қыркүйектен бастап көктемгі-жазғы навигацияның аяқталуына дейін (2018 жылғы 27 қазан) «Түрікменстан» әуе компаниясы Ашхабад-Алматы-Ашхабад бағыты бойынша аптасына 2-ден 3-ке дейін рейстер санын көбейтеді. Бұл осы бағытта елдер арасындағы әуе тасымалына деген сұраныстың артуымен байланысты болмақ», - делінген хабарламада.

Рейстер дүйсенбі, бейсенбі және сенбі күндері Boeing-737 типті әуе кемесімен орындалады.

Айта кетерлігі, бұған дейін Ұлыбританияға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Ресейге, Грузияға, Өзбекстанға және тағы басқа да елдерге рейстер саны артқан болатын.