Ашхабадта ТМД шекарашылары бас қосты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Таяуда Түркменстан астанасы Ашхабад қаласында ТМД елдерінің шекара әскерлерінің қолбасшылары кеңесінің 75-ші мәжілісі болып өтті. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлады.

 Ашхабадта ТМД шекарашылары бас қосты

Мәжіліске 9 мемлекеттік шекара ведомствосының басшылары, сондай-ақ Достастықтың өзара ынтымақтастық органдарының өкілдері қатысты.

Мәжіліс барысында ТМД елдерінің Орталық Азиядағы шекарасының қорғалу барысы, қордаланған мәселелері талқыланды. Мәжіліске қатысушылардың барлығы бірауыздан Ауғанстан Ислам Республикасындағы қоғамдық-саяси жағдайдың ушығып тұрғандығын, соған байланысты Тәжікстан, Түркменстан және Өзбекстан елдерінің шекара қауіпсіздігіне қауіп-қатердің артып тұрғандығын атап өтті.

Шекаралық жағдайды сараптай келе қатысушылар сын сағатта бір-біріне көрсетілер көмектің мән-жайын талқылап, сондай-ақ ТМД сыртқы істер министрлер кеңесінің 2007 жылғы 5 қазандағы мемлекетаралық хаттамасын іске асыру туралы жоспардың орындалуы жөніндегі мәліметті бекітті. Сонымен қатар сыртқы шекарада қиын сәтте көмекке келетін бөлімшелерді дайындаудың бағдарламасы бекітілді.

Бірлескен түрде өткізілетін арнайы шекара іс-шараларының дайындығы қаралып, 2017 жылға арналған жоспары бекітілді. Ғылыми-зеттеру мәселелері, Шекара әскерлері қолбасшыларының мәжілістерінің  аралығында өткізілген іс-шаралар да назардан тыс қалмады. 

Шекара әскерлерінің қолбасшылар кеңесі 77 мәжілісті 2017 жылдың екінші тоқсанында Алматы қаласында өткізу туралы ұсыныс берді. Себебі, осы уақытта ҚР ҰҚК Шекара академиясының 85 жылдығы аталып өтетіндігі ескерілді.

Мәжілісті қорытындылай келе Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің 75 мәжілісі шекараны шегендеуге арналған кезекті қадам болғандығын сонымен қатар туркмендік әріптестеріне  қонақжайлықтары үшін өздерінің алғыстарын білдірді.