Ашық аспан астындағы музей, гала-концерт, отшашу: Байқоңырдың 70 жылдығы қалай тойланды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Бүгін Қызылорда облысында «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен қаласының 70 жылдығы кең көлемде тойланып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі өкілдігі хабарлады.

Мерейтой жұлдызды қалашықта орналасқан Г. Шубников атындағы саябақтағы «Қала мен Байқоңыр ғарыш айлағына 65 жыл» ескерткішінде өткен митингіден басталды. Салтанатты іс-шарада Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қ.Нұртай, «Роскосмос» МК бас директоры Д. Баканов және Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы К. Бусыгин сөз сөйледі. Олар Байқоңырдың негізін қалаған ардагерлерге алғыс білдіріп, екі ел үшін ғарыш айлағының маңыздылығын атап өтті.

Одан кейін қала тұрғындары мен қонақтары ашық аспан астында музейдің ресми ашылу рәсіміне куә болды.

- Музей «Байқоңыр» ғарыш айлағының бай мұрасын, техникалық жетістіктерін және даму тарихын паш етеді. Мұнда ғарыштық техника үлгілері, зымырандар, жерүсті жабдықтар мен тарихи нысандар қойылған. Бұл – келушілерге отандық және әлемдік ғарыш тарихын көрнекі түрде ұсынатын бірегей орын, - делінген хабарламада.
Мерекелік іс-шаралар түс ауа қаладағы «Сатурн» мәдениет және кино залында жалғасты. Онда Қазақстан мен Ресей басшыларының бейнеқұттықтауы көрсетілді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қ. Нұртай, ҚР ЦДИАӨМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы Б. Оралмағамбетов, «Роскосмос» бас директоры Д. Баканов және Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы К. Бусыгин жиналғандарды құттықтап, арнайы марапаттар табыс етті.
Байқоңыр кешенінде ұзақ жыл еңбек еткен азаматтарға «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін», «Ғарыш саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» ведомстволық медальдары табыс етілді.
Ресми жиын өнерпаздардың концертіне ұласты.

Мерекелік іс-шаралар қалалық стадионда қорытындыланады. Оған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р. Скляр қатысады деп жоспарланып отыр. Осы кеште ғарыш саласында ұзақ жыл еңбек еткен озаттарға мемлекеттік наградалар, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салада ерен еңбек сіңірген 16 адамға «Байқоңыр қаласының Құрметті азаматы» атағы табысталмақ.
Одан кейін отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, салтанатты отшашу болады.
Айта кетейік, бүгін «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл толды.
Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев видео үндеу жолдады.
70 жылда Байқоңырдан ғарышқа 150-ден астам адам аттанды.