Әшімбаев Қазақстанның басқа мемлекеттерге көмегінің маңыздылығын түсіндірді

Мәжілістегі Үкімет сағаты барысында депутат соңғы жылдары Қазақстан кейбір көршілес елдерге, Ауғанстанға елеулі көмек көрсетіп келе жатқанын, осы орайда азық-түлік, ең қажетті заттар жөнелтіліп, басқа да қолдау шараларына үлесін қосқандығын еске салып өтті.
Соңғы жылдары Қазақстан бұл мақсаттарға 350 млн. доллардан астам қаржы бөлген екен.
«Елімізде проблемалар бар кезде өзге мемлекеттерге сыртқы көмек жасаудың қажеттігі жоқ деген пікірдің бар екенін білемін. Осы ретте дамуға ресми көмек жасау - ол қайырымдылық емес, яғни басқа елдерге бірреттік көмекке жатпайды. Бұл өз кезегінде нақты сыртқы саяси мақсаттарға жету үшін икемді тетік болып табылады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының көптеген елдері осындай саясатты жүргізіп келеді. Сондықтан да дамуға ресми көмек жасау қадамдарын терең ұғынып жасап, сыртқы саясаттың басымдықтарына нақты орайластыру керек»,-деді Әшімбаев.
Осы орайда ол гуманитарлық көмек жасауды қысқарту дұрыс емес екенін, егер де көршілес елдер проблемалар шырмауынан шыға алмай жатса, ешбір мемлекет ұзақ мерзімді дамудан үміттене алмайтындығын жеткізді.
«Орталық Азия тұрақсыздықтың, заңсыз көші-қонның, лаңкестіктің аумағына айналса, онда бұның салдары еліміздегі жағдайға ықпал етпей қойматыны анық»,-деді депутат.