Әшімбаев Жамбылдағы оқиға жайында: Мұндай сын-сағатта сабыр сақтау маңызды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әшімбаев Жамбылдағы оқиға жайында: Мұндай сын-сағатта сабыр сақтау маңызды

«Жамбыл облысында болған төтенше жағдай бәрімізді алаңдатып отырғаны рас. Мұндай сын-сағатта, ең алдымен, сабыр сақтаудың маңызды екені түсінікті. Қазір апат аумағындағы ахуал Мемлекет басшысының бақылауында. Президентіміздің тапсырмасымен тиісті органдардың басшылары оқиға орнына шұғыл барып, облыс басшылығымен бірлесіп әрекет етуде. Сондай-ақ, Байзақ ауданында жедел штаб құрылып, құтқарушылар, әскери қызметшілер, дәрігерлер және басқа да белсенді азаматтар жұмыс істеп жатыр. Өкінішке қарай, қаза тапқандардың бар екені белгілі болды. Опат болғандардың отбастары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз және апаттан зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз», - деп жазды Сенат Төрағасы Facebook парақшасында.

Естеріңізге сала кетсек, кеше сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, арты бірнеше жарылысқа айналған-ды. Соның салдарынан осы уақытқа дейін 4 әскери қызметшінің қаза тапқаны, 3 әскери қызметші мен төтенше жағдайлар департаментінің бірнеше маманымен байланыстың жоқтығы белгілі болған еді.